Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің шежіресі

Пайғамбар өмірбаяны

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің шежіресі

Алланың елшісі, жанашыр және ақыреттегі шапағатшымыз Мұхаммед (с.ғ.с) адамзатқа екі дүниеде бақытты болудың жолын көрсетті. Адам баласын қараңғы түнектен нұр шашқан жарыққа шығарып, тығырықтан құтқарып сара жолға салды. Ең кәміл теңдессіз тұлға Мұхаммед  (с.ғ.с.)-нің керемет үлгі-өнегеге толы ғұмырын білу - «мен мұсылманмын, ардақты пайғамбардың үмбетімін» деген әрбір кісінің міндеті.

Кез-келген мұсылманның Алла елшісінің (с.а.с.) Абдулланың ұлы Мұхаммед (с.а.с.) егендігін, құрайыштық, хашимилік және Меккеден Мәдинаға қоныс аударғандығын білуі парыз болып саналады.[1]

Сондықтан пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің текті таза, құрметті ата-бабаларын білуден бастағанымыз жөн болар. Пайғамбарымыздың арғы атасы саналатын «Улул-Ағзам» деп аталған ұлы пайғамбарлардың бірі хазіреті Ибраһим екендігінде дау жоқ. Ибраһим түсінде көрген аян арқылы ұлы Исмайл (а.с.)-ды құрбандыққа шалмақшы болды. Алла тағала оның шынайы ықыласын қабыл етіп ұлы Исмайылдың орнына құрбандыққа қошқар түсірді. Исмайыл (а.с.) мен Ажар Меккені мекен етіп жүрген кезде хазіреті Ибраһим Кенан аймағында өмір сүретін.

Кейінірек Ибраһим Меккеге келіп ұлы Исмайыл (а.с.) мен бірге күллі мұсылманның құбыласы Қағбаны салды.

Бұл оқиға Құран Кәрімде былай баяндалады: «Ибраһим мен Исмайыл (а.с.) Қағбаның іргетасын қалап қабырғасын көтерген кезде, біздің ниетімізді қабыл ет еш күмәнсіз сен естуші және толық білушісінің. Раббымыз екеумізді өзіңе бойынұсынған құлдар қыл. Өрбіген ұрпақтарымыздан да өзіңе мойынұсынатын үммет шығар әрі құлшылық амалдарымызды көрсетіп тәубелерімізді қабыл ет, әлбетте сен тәубені қабыл етуші мейірімдісің. Раббымыз ұрпақтарымыздың өз ішінен оларға аяттарыңды оқитын, кітапты әрі үкімді үйретіп, оларды жамандықтан арылтатын бір елші жібергейсің, күдіксіз аса үстем өте данасың деп жалбарынды».[2]

Ибраһим пайғамбардың бұл дұғасы қабыл болып, ұлы Исмайыл (а.с.) және оның ұрпағынан пайғамбар болады. Ғалымдар Исмайыл (а.с.)-нің ұрпағынан бір-ақ Пайғамбар келгендігін айтады. Олда біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала Ибраһим ұлдарынан Исмайыл (а.с.)-ды, Исмайл (а.с.) ұлдарынан Бәни Кинананы, одан Құрайшты одан Хашимды олардың арасынанда мені таңдады»[3], - деді. «Мен екі құрбанның ұлымын. Исмайл а.с. және Абдулла», - дегендігі де бар. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мінберге көтеріліп: «Мен кіммін?» - деп сұрады. Сахабалар: «Сен Алланың елшісісің. Алланың есендігі мен сәлемі саған болсын», - деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен Мұхаммед б. Абдулла б. Абдумуталиппін. Алла адамзатты жаратты және оларды екі топқа бөлді, мені жақсы топқа қосты. Сосын ол топты руларға айырды. Мені тағы да ең жақсы руға қосты. Одан кейін руларды отбасына бөлді. Мені ең жақсы жанұяға кіргізді. Содан кейін мені бұл әулеттің ең игісі қылды».[4]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазіреті Ибраһимның ұлы Исмайыл (а.с.)-нің ұрпағынан келгендігі үшін Исмаилилер деп аталған және екі үлкен Араб буынының бірі болған Аднанилерге телінеді. (Араб-ы мустағриба) Арғы ата-бабаларының тізбегі жиырма бірінші атасы Аднанға дейін сенімді түрде саналады. Бұл тізбек Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауымен таралған.[5] Аднаннан Исмайыл (а.с.)-ға дейінгі аралықта кей деректерде тоғыз, бағзы біреулерінде жиырма, басқа риуаяттарда қырық ата өткендігі айтылады. Алайда ғалымдар Аднаннан ары қарай Исмайыл (а.с.)  пайғамбарға дейінгі аралықта өткен аталарының аттары мен сандары туралы мәліметтерге күмәнмен қараған. Тіпті кейбір шежіре ғалымдары Аднаннан Исмайл (а.с.) пайғамбарға дейінгі бабаларын былай қойғанда Адам атаға шейін тізбектеп аттарын атаған. Бірақ көпшілік ғалымдар бұған сеніммен қарамаған.

Сондықтан біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі тарапынан құпталып, ғалымдарымыздың бір ауыздан растаған бүкіл Ислам әдебиеттеріне таралған  ең сенімді шежіресін беріп отырмыз: «Мұхаммед бин Абдулла бин Абдумутталиб (Шайба) бин Хишам бин Абдулманаб бин Қусай бин Қиләб бин Мурра бин Қағб бин Луһәй бин Ғалиб (Құрайш) бин Фиһр бин Малик бин Надыр бин Кинана бин Хузайма бин Мудрика бин Илияс бин Мудар бин Низар бин Мағад бин Аднан».[6]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Менің Адам (а.с.) атадан бастап, әке-шешеме дейінгі аралықта өткен ата-аналарымның барлығы адал некемен қосылған. Мен сіздерден кісілік жөнінен де тектілік тұрғысынан да ең қайырлыларыңмын»,[7]- деген.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) апалары ішіндегі мына жайттарға да тоқтала кетейік. Олардың арасында Фатималар (Фауатим) бесеу болған. Біреуі құрайыштық, екеуі қайыстық, екеуі де Йемендік. Ал енді Атиқаларға келер болсақ, бұлар он екі кісі. Екеуі Құрайыш, біреуі Надир, үшеуі  Сүлейм, екеуі Адауя, біреуі Хузейм, екеуі Құзалы, біреуі де Әсад руынан. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жиырма апасы туралы жазылған еңбекте бар.[8]

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің ата-бабаларының ерекшеліктері мен сипаттары:

  1. Аднан, екі бауыры бар. Нәбәт және Амир.
  2. Мағад, Иса (а.с.) пайғамбармен бір ғасырда өмір сүрген. Қағба қызметкері болған.
  3. Низар аз ғана деген мағынаны білдіреді, атының бұлай болуының себебі дүниеге келген баласына қуанған Мағад ел-жұртты жинап ұлан-асыр той жасайды бұл менің ұлым үшін өте аз дейді осылайша Низар аталады. Лақаб есімі[9] Әби Ийт.
  4. Мұдар, Илияс күнясы: Абу Амир
  5. Ілияс,
  6. Мудрика шын аты Амир, Мудрика делінуінің себебі шапшаң қозғалып қатты жүгіретіндіктен, бірде қашқан қоянға қуын жеткендігі ұшын осы ат берілген. Күнясы: Абу Хузайл.
  7. Хузейма күнясы: Абу Әсәд.
  8. Кинана күнясы: Абу Надыр.
  9. Надыр шын аты Қайс. Надыр деп аталуының себебі өте келбетті болғандықтан. Күнясы: Абу Яхлут.
  10. Малик күнясы: Абу Харис.
  11. Фиһр күнясы: Абу Ғалиб.
  12. Ғалиб: «Құрайыш»- деп аталуының себебі өзіне ерген халқын, біріктіріп өте шебер ұйымдастырғандықтан. Құрайыш руының атауы осы кісіден бастау алады. Күнясы: Абу Тайм.
  13. Луһай күнясы: Абу Кағб.
  14. Кағб күнясы: Абу Хусайс. Оның жұма күндері құтпа айтқандығы белгілі. Ол сөзінде өз ұрпағынан бір пайғамбар келетіндігін айтып кімде-кім сол заманда өмір сүрсе оған иман етсін деген. Кағб арабтар үшін аса құрметті кісі болатын. Сол себептен де «Фил» оқиғасына дейін оның өлім уақыты жыл санауының басы болып келген.
  15. Мурра күнясы: Абу Яқаза.
  16. Килаб күнясы: Абу Зуһра. Саудагер болған керуенмен әртүрлі аймаққа сапар шегетін. Палестинадан қыз алғандығы белгілі. «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) анасы Әминаның ата-тегі де осы кісіден тарайды».
  17. Қусай шын аты Зайд. Күнясы: Абу Муғира. Қусай өзінің туған туыстарынан жырақта ержеткендігі үшін «ұзақ, алыс» мағынасына келетін Қусай сөзімен аталған. Ол атақты «Дарун-Надуаның» іргетасын қалап оның өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан. Қағбаға келген қажыларға қызмет көрсету үшін елден салық жинаған. Меккеде ағаш кесуге тыйым салған. Жасыл желектерді қамқорға алған. Тастан үй салған. Арабтар Қусайды қатты құрмет көрсетіп кез-келген істе ақылдасатын. «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)жан жары Хадиша анамызбен аталары осы кісіде түйіседі».
  18. Абдулманап шын аты Муғира. Күнясы: Абу Абдушамс. Өзінің беделімен танылған келбеттілігі үшін оған «ай» делінген. Анасы оны босанған кезде ғибадат мақсатында «Манап» пұтына барғандығы үшін Абдулманап аталған. Ол Иран, Византия басшыларымен келісіп, сол өлкелерде емін-еркін сауда- саттық жасауға мүмкіншілік алған.
  19. Хашим шын аты Амыр. Күнясы: Абу Надлах. Хашим деп аталуының себебі Меккеде қауымына нан үгітіп таратқандығы үшін үгітуші мағынасына келетін Хашим деп аталған. Жиырма жасында Ғаззада дүниеден өткен.
  20. Абдумутталип шын аты Шайба. Күнясы: Абу Харис. Шайба деп аталуының себебі дүниеге келген кезде шаштарының ақ болып туылғандықтан. Абдуматталип деп аталуының себебі ағасы Мутталип оны нағашыларының қолынан алып келіп Меккеге кірген кезде «бұл кім?» деп сұраған  еді, ол халыққа «менің құлым» деп жауап берген еді. Сондықтан ел арасында Абдуматталип деп аталған. Оның атақты Фил оқиғасында өз түйелерін даулап барып Абрахадан алып қайтқандығы белгілі. Түс көру арқылы аян алған Абдудамутталип Зәм-зәм құдығының орнын тауып қайта қазған. Құдықтан шыққан алтын және басқа да қазыналарды жұмсап Қағбаның есігін әшекейлеген. Меккеде шаштарын және сақалын ең алғашқы болып қараға бояған кісі еді. Абдуматталип «Хира» үңгіріне барып ғибадат ету үрдісін ең алғаш бастаған кісі болатын. Рамазан айында кедей-кепшіктерге ас тарататын. Зәм-зәм құдығын қазу кезінде шыққан жанжалда ұлдарының аз екендігінен қынжылып егер он ұлым болса, біреуін құрбандыққа шаламын деп ант еткен еді. Пайғамбарамыз (с.ғ.с.) сегіз жасына дейін осы кісінің қарамағында болды. Абдуматталип өмірінің соңында көзі көрмей қалды. 120 жасында дүние салды.
  21. Абдулла күнясы: Абу Ахмад немесе Абу Қусам. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әкесі. Пайғамбарымыз дүниеге келместен бұрын 25 жасында дүниеден өтті. Абдулланың Умму Хаким деген сыңар қарындасы бар еді. Әмина анамызбен 18 немесе 24 жасында үйленгендігі айтылады. Құрбандыққа шалына жаздап орнына Исаф және Нәфилә пұтына 100 түйе шалынып тірі қалды. Әмина анамызбен үйленбей тұрғанда Құтайла бинти Науфал және Қасғам руынан Фатима бинти Мурра «жүз түйе берем маған үйленші» деп жалынған еді. Абдулла екеуіне қарамай Әминаға үйленгеннен кейін олардан ешқандай ілтипат көрмеген соң таңырқап бұның себебін сұрады. Олар: «Сен бойдақ кезде жүзіңде нұр (нубуат нұры) бар еді. Қазір ол жоқ. Сондықтан саған енді қызығатындай ешбір себеп қалмады», - десті.

Мажен Ернар Қалмаханұлы

Алматы облысы,

Жамыл ауданың бас имамы



[1] Умдатул Қари шарх Сахихул Бухари, 11, 243. Дарул фикр. Бадруддин Айни.

[2] Бақара, 127-129.

[3] Муслим, Фарайз, 1, Тирмизи, Манақиб, 1. Ибн Сағд, 1, 20.

[4] Тирмизи, Манақиб, IX, 236.

[5] Ибн Сағд, 1, 56,58.

[6] Ибн Хишам, Сира, Табари, Тарихул Умам уал Мулук, 1, 289.

[7] Хаким, Улумул Хадис, 170-171. Байхаки, Далайлун Нубууа,1 т. 174.

[8] Ибн Хабиб, Уммухатул Наби, Бағдат 1952.

[9] Араб ғұрпы бойынша тұғыш ұлының атымен қойылатын лақаб. Пайғамбарымыз с.а.с ның Хадиша анамыздан дүниеге келген тұңғышы перзенті Қасым болғандықтан Абулқасым деп атаған. БалазуриАнсабул Ашраф, 1т,

Which is the best web hosting company which offers all the features that a small business website needs? Read honest ipage review.
Blue Joomla Template developed by Joomla Hosting